Жаңалықтар

Балық – пайдалы тағам

Бүгінде балық өнімдері Астана тұрғындарының күнделікті тұтынатын тағам түрлеріне айналып келе жатыр. Олай дейтін себебіміз, соңғы кездері әр өңірлерден келіп жатқан азық-түлік жәрмеңкелеріне ағылған жұрттың көбінің өзге емес, дәл осы балық сататын дүңгіршектердің алдында кезекке байланып тұрып қалатыны байқалып қалып жүр.

Балық – пайдалы тағам
Балық – пайдалы тағам

Өнімнің осы түрін сатып, нәпақасын айырып отырған сатушылар да соңғы бірнеше жылда жұрттың балыққа деген сұранысы күрт артып отырғанын айтады. Олардың айтуынша, келушілердің көбі ақсерке, скумбрия, эсколар, шортан, бекіре секілді балықтарды таңдайды екен. «Бұл балық түрлерінің көбі шетелден, нақты айтар болсақ, Норвегия елінен әкелінеді. Бағасы да қымбат. Мәселен, тұздалған скумбрия балығының келісі 2 мың теңгеге дейін жетеді. Соған қарамастан, алып жатады» дейді «Ажар» сауда орталығының Сәуле есімді балық сатушысы. Алайда бұл сөзіміз жұрттың бәрі шетелдік, яғни дәруменге бай теңіз балықтарын тұтынады деген пікірді білдірмесе керек. Елорда іргесіндегі Қоянды тоғаны, Қарасу өзені және Вячеславка секілді су қоймалары мен өзен-көлдерден ауланатын тұқы, мөңке, ақ амур секілді балық түрлеріне де сұраныс аз емес.

Қазіргі таңда қаламыздағы балық шаруа­шылығын дамыту мәселесімен Астана қаласы әкімдігі жанынан құрылған «ЖасНұр» өндірістік-шаруа­шылық кәсіп­орны айналысады. Аталмыш мекеменің ұйым­дастыруымен 2012 жылдан бері балық ресурсын сақтап, одан әрі дамыту үшін жүйелі жұмыстар атқарылып, миллиондаған балық шабақтары жіберілді. Тек биылдың өзінде Қоянды су қоймасына алтайлық тұқы балығының – 100 мың, ақ амур балығының 40 мың данасы жіберілген болатын. «Сонымен қатар, 20 мың дана екіжылдық алтын түсті мөңке балығы тағы бар. Вячеславка су қоймасына да 80 мың дана сарбаяндық тұқы балығы мен 20 мың дана ақ амур балығы қосылып отыр. Қарасу өзенінің ескі арнасы мен Шалқар, Ұялы-Шалқар көлдеріне де осындай балық түрлерін жібердік. Бұл – өте жылдам өсетін балық түрлері, сондықтан арнайы таңдап алынған. Балықтарды өсіру барысында су қоймалары қалдықтардан тазарып, заңсыз балық аулаушылықтың алдын аламыз. Бұл шаралар табиғат ресурстарын дұрыс пайдалануға әрі халықты қолжетімді бағадағы сапалы балықпен қамтамасыз етуге септігін тигізеді. Сонымен қатар, аталмыш су айдындарындағы балық­тар­дың қаны тазарады» дейді «ЖасНұр» мекемесінің Қоршаған ортаны қорғау бөлімінің басшысы Махмуд Ахметжанов.

Маманның айтуынша, қала­мызда балық саудасымен көбіне жеке кәсіпкерлер айналысады екен. Олардың сатып тұрған мөңке, тұқы, шортан секілді балық түрлерінің көбі – сол Қоянды, Қарасу, Вячеславка секілді шағын көлдердегі қолдан жіберілген балықтар. Араларында Қорғалжын мен Ерейментаудан ауланған балықтар да кезігеді. «Сонымен қатар, қыс мезгілінде қаламыздағы сауда нүктелерінен Шардара су қоймасы мен Атыраудан келген балықтарды көруге болады. Бұлардың барлығы заңды. Астанада заңсыз балық сатушыларға орын жоқ. Құжатсыз балық сатылмайды. Әкімдік пен қалалық СЭС мамандары ол жағынан қырағы. Әр балықтың қайдан ауланғаны тексеріледі. Сосын олардың жүзбеқанатын, желбезегін қарайды. Ішкі ағза­ларын тексереміз. Тексеруден өтпей, қалғандарын сатқызбайды. Дегенмен сақтықта қорлық жоқ. Заңсыз балық саудасының алдын алу және оқыс жағдайларды болдырмау мақсатында Астананың бірнеше жерінде арнайы ашылған дүкеніміз бар. «Жаңа ауланған балық» деп аталатын бұл дүкенде балықтар тірідей сатылады. Тұрақты сатып алушылары бар. Бағасы да арзан әрі қауіпсіз» дейді М.Ахметжанов.

Бүркіт НҰРАСЫЛ
Астана ақшамы

Тағы көрсету

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Back to top button
Жабу
Жабу