Жаңалықтар

Астаналық балықшылар да Тәуелсіздік мерекесін ерекше тойлады

Тәуелсіздік мерекесін астаналық балықшылар ерекше атап өтті. Елордадан 50 шақырым қашықтықтағы Вячеславка су қоймасында спорттық қысқы балық аулаудан жарыс өтті. «ЖасНұр 2015» аталатын сайыс екінші рет ұйымдастырылып отыр. Оған қатысушылардың саны биыл еселеп артқан. Астана іргесінде балық аулап бағын сынауға тіпті сонау Өзбекстаннан да команда келді. Азамат Алдоңғаров әңгімелейді.

Мерекелік демалыс күндеріне қарамастан, балық аулауға құлшынған азаматтар бір минутқа да кешікпей белгіленген орынға жиналды. Арасында кәсіби балықшылармен қатар әуесқойлар, сондай-ақ осы саланы жан-жақты зерттеген ғалымдар да бар. Қуаныш Сыздықов қырық жылдан бері балық аулаумен айналысады. Елорда университеттерінің бірінде Аңшылықтану және балық шаруашылығы кафедрасының доценті болып еңбек ететін азамат олжалы болудың ғылыми тәсілін қолданып бақты.

Қуаныш Сыздықов, жарысқа қатысушы:

Он минуттың ішінде 2 балық ауладым бастағаннан. Енді былай айтқанда, ауа райы онша емес. Жел қатты, содан кейін қысым төмендеу болып тұр. Сондықтан балық аздау болып тұр, сондықтан онша қармаққа түспей жатыр.

Бірақ доценттің тәсілі нәтиже бермеді. Есесіне Өзбекстаннан келген балықшы Петр Плехановтың жолы болды. Оның жеңісі де ғылымның арқасында. Петр Астанаға өзі дайындаған балық жемі мен дәмдеуіштерін алып келген. Жекелеген сында топ жарған балықшы бүгінгі жеңісіне дән риза.

Петр Плеханов, жарыстың жекелеген сын жеңімпазы:

Жоқ дегенде, аптасына бір рет балық аулауға шығып тұрамын. Оның жартысы Өзбекстанда, қалғаны Қазақстанда өтеді. Балық аулаумен кәсіби тұрғыда айналысып, түрлі жарыстарға қатысамын. Бүгінгі қарсыластарым осал емес.

Ұйымдастырушылар балық аулау сайыстарын дәстүрлі түрде өткізуді жоспарлап отыр. Алдағы уақытта балықшылардың жазғы сайысын ұйымдастыру көзделген. Бұл өз кезегінде Астанадағы саятшылық туризмін дамытуға да үлес қосады.

Жарылқасын Әбдікәрімов, «ЖасНұр» өндірістік шаруашылығы кәсіпорны ММ бас маманы:

Былтыр бізде алты команда болды. Былтыр бірінші рет ұйымдастырғандықтан, жақсы білген жоқпыз 2014 жылы. Биыл, міне, үлкен көлемде 17-18 команданы құрып жасап отырмыз.

Ауа райының қолайсыздығына байланысты жарыс жоспарланған үш сағаттан екі сағатқа қысқарды. Командалық есепте үш үздік ұжым анықталып, арнайы сыйлықтарды еншіледі. Жекелеген сында топ жарғандар да құр қол қайтпады. Іс-шара саятшылық дәстүрі бойынша балық сорпасынан дәм татумен аяқталды. Арқаның ақ түтек боранына қарамастан, мұзда отырып қармақ тастаған балықшылар, ең бастысы олжа емес, достық көңіл-күй десті.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ

Тағы көрсету

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Back to top button
Жабу
Жабу