Жаңалықтар

Бас қаланың балығы

Бас қалада балық шаруашылығын дамыту қолға алынды.  Халықты қажет өніммен қамтамасыз ету үшін алдымен олардың санын көбейту керек. Осы мақсатта елорданың су қоймаларына төрт миллион шабақ жіберілді.

1126Өткен жылы Ауыл шаруашылығы министрлігі республикадағы су айдындарында балық санын ұлғайтып, жаңа түрлерін жерсіндіру жұмыстарының ережесін қабылдаған болатын. Осы орайда Астана қаласы әкімдігінің «ЖасНұр» өндірістік-шаруашылық кәсіпорны бас қалада балық ресурсын сақтап, одан әрі дамыту үшін жүйелі жұмыстар атқарып келеді.

Сәуір айында «2012-2021 жылдарға арналған балық шаруашылығын дамыту жоспарына сәйкес бекітілген су қоймаларына шабақтар жіберіле бастады. Мәселен, Целиноград ауданындағы «Қоянды» су қоймасы мен Қорғалжын ауданындағы «Дон» тоғанына 4 миллион сига тұқымына жататын репус балығының шабақтары жіберілді. Осы өсімдік қоректі балық түрлерін таңдау себебі – олар өзендегі гидрогеологиялық режимге жағымды әсер етеді. Сондай-ақ, балықтың бұл түрлері, қорықшылардың айтуынша, әуесқой балық аулаушылардың жақсы қызығушылығын тудырады.

Суға жіберілген дернәсілдер Ақмола облысы Көкшетау қаласындағы Зеренді балық өсіру питомнигінен арнайы алдырылған. Мамандар көктем шығысымен балықтың уылдырығын алып, оны арнайы қондырғыларда күтіп-баптайды. Сосын уақыты келгенде шабақтар өсіп шығады.

«Біздің кәсіпорын еліміздегі табиғи ресурстарды қорғау, балық және аңшылық шаруашылығын дамыту мен олардан алынған өніммен халықты қамтамасыз ету мақсатында 2012 жылы құрылған болатын. Осы уақытқа дейін балық ресурсын дамыту үшін көптеген игі шаралар атқарып келеді. Табиғи ортада тіршілік ету үшін, мамыр айында тағы да тұқы балығының шабақтарын жіберуді жоспарлап отырмыз. Бүгінде Астана қаласына сырттан балық көптеп әкелінеді. Бұл – өте жылдам өсетін балық, сондықтан арнайы таңдап алынған. Балықтарды өсіру барысында су қоймалары қалдықтардан тазарып, заңсыз балық аулаушылықтың алдын аламыз. Сондай-ақ, қатты аязда суға оттегі жіберу (аэрациялық) жұмыстарын жүргіземіз. Бұл шаралар табиғат ресурстарын дұрыс пайдалануға әрі халықты қолжетімді бағадағы сапалы балықпен қамтамасыз етуге септігін тигізеді» дейді «ЖасНұр» мекемесінің маманы Жарылқасын Әбдікерімов.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ
http://www.astana-akshamy.kz/?p=8260

Тағы көрсету

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Back to top button
Жабу
Жабу